- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балабақшадағы қайғылы оқиға
Атырауда бала кәріз құдығына құлап, қаза тапты: балабақша директоры мен тәрбиешісі сотталды
Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты балабақша басшысы мен тәрбиешісін өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп таныды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотталушы С. 2023 жылғы 21 мамырда рұқсат құжаттарын алып, өз атына "Д" жеке кәсіпкерлігін тіркеп, "Чебурашка" квазимемлекеттік балабақшасын ашқан. Осы мақсатта 2023 жылғы 26 мамырда Атырау қаласынан екі қабатты ғимаратты жалға алған. 2023 жылғы 7 шілдеде Д. балабақша директорының бұйрығымен топ тәрбиешісі қызметіне жұмысқа қабылданған. Функционалдық міндеттері бойынша сотталушылар балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапты болған.
2023 жылғы 1 қарашада кәмелетке толмаған 2020 жылы туған бала тәрбиешісі болып қызмет еткен Д.-ның тобына қабылданған. 2024 жылғы 10 шілдеде сағат 10:45 шамасында С. және Д. өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамай, баланы қараусыз қалдырған. Салдарынан кәріз құдығына құлап, қаза тапқан.
Сотталушылар кінәларын толықтай мойындады. Сондай-ақ, олардың кінәлары оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденген.
"Сотталушылар ҚК-тің 141-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалып, белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді", - делінген сот үкімінде.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан