Атырауда ауаға тараған жағымсыз иіс бойынша тексеріс жүргізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress басылымына сілтеме жасап.
Экология департаменті "Қазгидромет" РМК Атырау филиалымен бірлескен түрде жағымсыз иіске байланысты ауа сапасына бақылау жасап, мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Жұмыстарға сәйкес "Акимат", "Авангард", "Восток" автоматтандырылған ауа сапасын бақылау станцияларында ауаға тараған күкіртсутегінің көлемі рұқсат етілген шектен 16 есеге асқаны анықталған.
"Талдау жұмыстары "Квадрат" булану алаңына, арнайы санитарлық қорғау аймағына және АМӨЗ аумағына жүргізілді. Нәтижесінде "Квадрат" су булану алаңы маңында солтүстік-шығыстан секундына 4 метр соққан желден күкіртсутегі мөлшері 6,2 есеге дейін, санитариялық қорғау аймағында 21-25 есеге дейін, АМӨЗ-дің тұрғын үйлер аумағы айналасында 17,5 есеге дейін рұқсат етілген шектен асып отыр", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Мониторинг корытындысы облыстық экология департаментіне жіберілді.
Сонымен қатар, департамент және "Казгидромет" мамандары бірлесіп, Сарыөзек ауылынан, солтүстік өндірістік аумақтың санитариялық қорғау аймақтарының бірнеше жерінен ауа сынамаларын алды. Алайда бұл орындарда ластаушы заттар нормативтен аспаған.
Еске салайық, бір жыл бұрын өңірде журналистер "халық бір түнде оянбай қалуы мүмкін" деп дабыл қағып, қалада экология нашарлап бара жатқанын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!