- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда Әнұранды құрметтемеген...
Атырауда Әнұранды құрметтемеген әскери қызметкерге қомақты айыппұл салынды
Атырауда әскери қызметкер Қазақстанның әнұранын құрметтемегені үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
16 қыркүйекте Атырау облысы Мақат ауданында "Зарница" әскери-спорттық ойыны басталарда Мемлекеттік Гимн орындалған. Сол кезде бір әскери қызметкер оң қолын жүрек тұсына екі саусақпен қойып, Әнұранға құрметсіздік танытқан. Осыған байланысты, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкіміне ұсыныс жолдады.
Яғни, Әнұранға құрмет көрсетпеген азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы ("ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу") 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрапты.
"Е-Өтініш" жүйесіне тіркелген шағым Полиция департаментінде қаралды. Кінәлі ер адам анықталып, оған заңға сәйкес әкімшілік айппұл салынды, - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.
Осылайша, кінәлі тұлға 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 172 500 теңге айыппұл арқалап отыр. Егер оны бір апта ішінде төлеп үлгерсе, тек жартысын ғана өтейді. Ал, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының директоры Руслан Хамзаның айтуынша, осыған ұқсас жағдай осыдан төрт жыл бұрын да болған екен.
"Атырау қаласындағы "Шапағат" деструктив діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер арасында шағын футболдан ашық турнир өткен болатын. Жарыстың басында ҚР Әнұраны орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймаған, яғни, мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген еліміздің екі азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танылды. Оларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - дейді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Көздің түсін өзгертуге бола ма?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек