Ербол Құсайынов есімді Атырау қаласының тұрғыны достарымен бірге балық аулауға кетіп, үйіне оралмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жұбайы Меруерттің айтуынша, жолдасы Ербол Атырау қаласы маңындағы Алмалы ауылы тұсына балық аулауға кеткен. Достарымен бірге болатынын айтқан жарынан хабар үзілгелі бері үрей құшағында отырған отбасы еріктілерден көмек сұрады.
"Іздестіру жұмыстарына еріктілер көбірек қажет. Мүмкін сонда нәтиже болып қалар деген үміттеміз", - дейді мең-зең күй кешіп отырған отбасы.
Ербол - алты баланың әкесі. Туыстары оның момын, ақжарқын жігіт екенін айтады. Оның жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты іске қазір полиция араласып жатыр.
"Атырау облысында құзырлы органдар жоғалған азаматты іздеу жұмыстарын бүгін үшінші күн қатарынан жүргізіп жатыр. Іздестіру жұмыстарына Атырау облысы полиция департменті, Төтенше жағдайлар департаменті және Ұлттық ұланның 80 сарбазы мен кинология бөлімі, сүңгуірлер жұмылдырылды. Қосымша дрон да қолданылып жатыр", - деп нақтылады Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Баян Жанұзақова
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!