Атырауда 81 педагог жалған дипломмен жұмыс істеген

Атырауда 81 педагог жалған дипломмен жұмыс істеген
Фото: ©REUTERS

Атырауда 81 педагог жалған дипломмен жұмыс істеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап. 

Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.

Отырыс барысында Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов кеңес мүшелерін білім беру саласындағы өзекті мәселелер туралы хабардар етті.

Спикер қатысушылардың назарын осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне аударды.

"Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында департамент өкілдері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Мысалы, мектептерде "өлі жандардың" болғаны, қызметкерлер мен оқушылар саны бірдей мектептерді әр түрлі қаржыландыру, бір адамның бір уақытта 4-5 мекемеде жұмыс істеуі, кейбір білім беру ұйымдары басшыларының лауазымдық жалақыдан басқа үстеме жалақы аударуы"- деді Жәнібек Қаражанов.

Бұдан басқа, мониторинг нәтижесінде облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 51 қызметкері мен орта білім беру ұйымдарының 30 қызметкері жалған дипломдармен жұмыс істегені анықталды.

Бұл деректерді жою үшін облыстық білім басқармасына Департамент әзірлеген 26 ұсыныс жолданды.

Мысалы, қызметкерлердің контингенті бойынша деректерді автомат түрде салыстыру үшін интеграцияны қамтамасыз ете отырып, ЖАО деңгейінде бюджет өтінімдерді қалыптастыру және бекіту процестерін автоматтандыру, мекемеге кіру және шығу уақытын форматты-логистикалық бақылауды белгілеу мүмкіндігімен білім беру мекемелері қызметкерлерінің қатысуын бақылау.

Қазір облыстың антикор қызметі осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек