Атырауда 8-сынып оқушысы ауыр жарақат алды

13 наурызда Атыраудағы мектептердің бірінде 8-сынып оқушысы ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға орнына жедел түрде жедел-жәрдем мен полиция қызметкерлері келді. Зардап шеккен оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысы жәбірленушіге үшкір зат сұғып алған.

Күдікті ұсталып, ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Барлық процестік әрекеттер оның заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр.

Қазір полиция қызметкерлері қажет тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жасөспірімнің ата-анасы да баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз