Атырауда зейнеткер жасөспірімді қағып өлтірген. Бұл туралы Жылыой аудандық сотының баспасөз қызметі өкілдері мәлім етті, - деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысының Жылыой аудандық сотында жол ережесін бұзып, абайсызда адам өлтіргені үшін (Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі) айыпталған К. есімді ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
2022 жылғы 20 қазан, сағат 07:40 шамасында жүргізуші К. есімді ер адам кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала оқиға орнында қаза болған. Сотталушының кінәсі сот сараптама қорытындысымен, жол апаты орнының бейнежазбасымен толықтай дәлелденді.
Басылым мәліметінше, прокурор сотталушыға 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші өкілі заң талаптарына сай жаза тағайындауды сұраған. Сотталушы өз кінәсін мойындаған.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі санкциясында белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот жаза тағайындау барысында К. есімді ер адамның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның бұрын сотталмағанын, шын жүректен өкінуін, егде жасын (73 жас), денсаулық жағдайын және келтірілген материалдық залалдың өтелгенін ескерді.
Сот үкімімен К. есімді ер адам Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жаза тағайындалды. К.-дан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!