- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қайғылы оқиға
Атырауда 7 жасар қызға ескерткіш құлаған оқиға: марқұмның жақындары үндеу жасады

"Атырауда 7 жастағы жеткіншектің өліміне шенеуніктер кінәлі" деген марқұмның жақындары тергеудің жан-жақты жүргізілуін талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Жалғыз қызын осыдан жарты жыл бұрын жер қойнына тапсырған Айдос Сабыров бұл іске қатысты тергеудің жан-жақты жүргізілгенін қалайды. Өйткені тергеушілер оқиғаға қатысы бар деп тек мердігер мекемеден жауап алған. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасы бұл істе бірнеше адамның тергелуін талап етеді. Яғни бюсті орнатуға тапсырыс берген шенеуніктер де жаза арқалауға тиіс екенін айты.
"Тек мердігер компанияға қатысты іс қозғалды. Басқа кінәлі адамдар бар ғой. Іске қатысы барлардың бәрі жаза арқаласын. Тергеу жан-жақты өтуге тиіс", - деді марқұмның әкесі Айдос Сабыров.
Істі жүргізіп жатқан қорғаушы да бұл дерекке қатысты шикілік барын айтқан. Ол ескерткіш орнату кезінде бірнеше заңды талап сақталмағанын жеткізді.
"Бұл монументтер заңсыз орнатылған. Оларды орнатуға ұсыныс білдірген тұлғаның шешімі бар ма, жоқ па, анықталмаған. Ауызша жасалған, нәтижесі адам өліміне әкеліп отыр", - деді қорғаушы Айбар Қосымбаев.
Тәртіп сақшылары бұл іске қатысты тергеу әлі аяқталмағанын мәлімдеді.
"Қылмыстық іске қатысты тергеу жүргізіліп, тараптар іс материалдармен танысып жатыр. Жиналған іс-құжаттар сотқа жолданады", - деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Еске салайық, 2024 жылы 26 маусымда Атырауда 7 жасар балаға ескерткіш құлап, көз жұмғаны хабарланды. Артынша қала әкімі жағдайға пікір білдірді.
Естелік аллеясындағы ескерткіш кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына орнатылғаны, Орал қаласында жасалғаны айтылды.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін полиция куәгерлерді іздейтінін мәлімдеді.
Кейінірек Атырауда балаға ескерткіш құлаған оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова