- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда 59 жастағы...
Атырауда 59 жастағы тұрғын "стоп-кранды" жұлып, пойызды тоқтатып қойды
Атырау облысы Кенбай станциясының учаскесінде тоқтату кранын жұлып алуына байланысты Атырау-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызы кестеден тыс тоқтаған. Оқиға салдарынан пойыз 12 минут тұрып қалған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тексеру барысында көлік полицейлері Ақтөбе облысының 59 жастағы тұрғынын анықтады. Ол спирттік ішімдік ішіп, масаң күйінде вагон тамбурында тоқтату кранын жұлып алған.
Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес оның "орташа дәрежедегі" алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
"Сағыз станциясына келгеннен кейін құқықбұзушы акт бойынша пойыздан түсірілді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігі ("Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу"), 560-бабының 1-бөлігі ("Қажетсiз ретте пойызды заңсыз тоқтату") бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды", - деп хабарлады Атырау облысы көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан