Атырауда 5 жасар бүлдіршінге қатыгездік көрсеткен жекеменшік балабақша тәрбиешісіне қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамай, кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытқаны үшін тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 140-бабының 2-бөлігі).
Сотта жеке балабақша тәрбиешісі сабақ барысында 5 жасар тәрбиеленушіні ұрып, нәтижесінде ол жарақат алғаны анықталған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша баланың оң жақ саны көгерген.
Сотталушының кінәсі өзінің айыбын толық мойындауымен қатар, жиналған дәлелдермен толық дәлелденген.
Сот шешімі
Сотталушы ҚК-тің 140-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (314 560 теңге) айыппұл жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін не болды?
Әлеуметтік желілерде тәрбиеші баланы тепкен сәт түсірілген видео пайда болды. Оқиға жеке балабақшада болғаны анықталды.
Мекеме басшылығының айтуынша, құқықбұзушылық анықталғаннан кейін тәрбиеші еңбек заңнамасына сәйкес дереу жұмыстан босатылған. Кейінірек қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова