Атырауда 271 адамнан 2 миллиард теңге жинап алған тұрғын үй кооперативінің құрылтайшылары сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Нарықтағы бағадан айтарлықтай арзан үй салып береміз" деген жарнамамен 271 адамның ақшасын жинап алған "Ақмаржан" және "Жібек жолы" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің құрылтайшыларына қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкіміне сәйкес құрылтайшылар 6 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ең бастысы сот құрылтайшыларды жәбірленуші тараптың қаражатын бөліп төлеуге міндеттеді.
Құрылтайшылар жинап алған қаражат 2 миллиард теңгеге жуықтады.
Айта кетейік, екі сотталушыға алаяқтық жасады және сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкін иеленді деген айып тағылды. Олар тұрғын үй кешенін саламыз деп 271 адамнан 2 миллиард теңгедей жинап алған.
Құрылысы 2020 жылдың басында басталып, 2021 жылдың ортасында баяулап, кейін мүлде тоқтап қалған тұрғын үй құрылыстары қазір қаңырап тұр. Үлескерлер сот шешімі шыққанымен, ақшаларының толық қайтарылатынына күдікпен қарайды.
"Иә, олар сотталды. Жазасын да өтейді. Бірақ біздің ақшамыз қай уақытта толық қайтады? Біз қай уақытта үйлі боламыз? Пәтер жалдап қашанғы жүреміз?" - дейді үлескерлер.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!