- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда 20 аспапты...
Атырауда 20 аспапты меңгерген өнерпаз тұрады
Қызылқоға ауданы, Ойыл ауылдық округі, Жасқайрат ауылының тұрғыны Абзал Сиғуатоллаұлы 20 аспапта ойнай алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress басылымына сілтеме жасап.
Ол 7-сыныптан бастап Атырау қаласы Нұрғиса Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған академияда вокал-пианино мамандығын 11-сыныпқа дейін оқып, кейін жоғарғы білімін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өнер факультетінде жалғастырған.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Абзал өз бойындағы таланты мен талабының арқасында төрт жылдық білім алғаннан кейін академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Құрманғазы атындағы консерваторияда оқуын жалғастырады.
"Бірінші әкем өнерге деген жалпы қызығушылығымды ашып, сол кісінің септігімен бала кезімнен үлкен сахналарда ән айтып көптеген конкурстардан жүлдемен оралып жүрдім. Кейін шеберлігімді шыңдау мақсатында облыс орталығына қоныс аудардым. Десе де аудан атынан түрлі сайыстарға қатысып жүрдім", - дейді Абзал Сиғуатоллаұлы.
Түрлі аспапта ойнай білетін өнерпаз қазір Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы "Сармад" этно-фольклорлық ансамблінде және Орал қаласындағы DD RECORDS командасында жұмыс істеп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова