Із-түзсіз жоғалғандар тізімінің ішіндегі ең жасы 2001 жылы туылған Дияр Хайруллиев. Өткен жылдың 11 қарашасы күні белгісіз бағытта үйінен шығып кеткен Дияр күні бүгінге дейін оралмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1993 жылы туылған Бекбол Жарасовқа іздеу жарияланғанына тура 1 ай, 2 күн толып отыр. 9 сәуір күні үйінен шығып кеткеннен кейін туыстары Бекболдан хабарсыз қалған.
Іздеу жарияланғандардың қатарында 23 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен азамат та бар. Сәттібек Сидихов 1962 жылы туылған. Индер ауданының Кулагино селосының тұрғынына іздеу жарияланғанына биыл 23 жыл.
Атырау облысының полиция департаменті жоғалған азаматтарды Криминалдық полиция басқармасының іздестіріп жатқанын хабарлады.
"Іздеуде жүрген азаматтарға қатысты қандай да бір ақпарат білген жағдайда, 102 номеріне хабарласу сұралады. Сіздің қоңырауыңыз бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін", - дейді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.
Мамандар Қазақстан территориясында жылына орта есеппен 4-4,5 мың адамның із-түзсіз жоғалатынын айтады. Полицейлер жоғалғандардың 80-85 пайызын анықтайды екен.
"Себебі, 80-85 пайыз жағдайда олардың жоғалуы қандай да бір қылмыспен байланысты болмайды", - дейді мамандар.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!