Атырауда 17 жастағы жасөспірім көпірден секіріп кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бұл туралы 20 мамырда жергілікті уақытпен сағат 22:40-та хабар түскен.
"Оқиға орнына жедел құтқару жасағының құтқарушылары 2 минутта жетті. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, көпірден Жайық өзеніне секірген жасөспірімді құтқарып қалды. Оның жасы 17-де екені анықталды. "Апаттар медицинасы орталығы" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды", - делінген хабарламада.
Полиция департаменті көпірден секірген жасөспірімді құтқаруға полиция подполковнигі Абу Нұрлан, полиция капитаны Ришат Беркалиев, көлік инспекциясының қызметкері Батырбек Жиреншин мен полиция аға лейтенанты Батырбек Камалов, полиция лейтенанты Зауырбек Шайхатов атсалысқанын мәлімдеді. Қазір жедел тергеу тобы жасөспірімнің әрекетіне қатысты тексеруді бастады.
Құтқару жұмыстарына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағынан 4 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!