Атырауда 15 жастағы қызды зорлаған жас жігіт жазадан жалтарып кетті. Себебі күдіктінің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтаған. Өйткені қос тараптың ата-анасы өзара татуласып, құда-жекжат болуға келіскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сондықтан жәбірленушінің анасы полицияға жазған арызын қайтарып алыпты. Осыдан кейін қылмыстық іс жабылған. Енді ешқандай жазаға тартылмайтынын білген жігіт жақ қызыма күн көрсетпей, үйден қуып жіберді дейді жәбірленушінің анасы. Ол енді құзырлы орындардан қылмыстық істі қайта қарауын сұрап отыр.
15 жастағы қыз жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Жүзбе-жүз көруі үшін кездесуге де шақырыпты. Сөйтіп көлігіне мінгізіп алып, айдалаға апарып қызымды зорлаған дейді анасы. Бірақ мұны мектеп оқушысы ешкімге айтпаған. Оны қызының денесіндегі көгерген іздерін көргенде ғана біліпті. Дереу құзырлы органдарға арыз жазған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанда зорлаған жігіттің туыстары кешірім сұрап келіпті. Тіпті "Балалардың болашағына балта шаппайық, екі жасты қосайық" деп соңғы сөзін айтқан.
"Қызымды алып кетті. Шағымды өзгерттік. Кешірім бердік. Іс бітіп жатқан кезде жігіттің апасы күйеуімді алдап-сулап, "Тергеуші ақша сұрап жатыр, 1 миллион 600 мың деп, істі жабу үшін, базада сотталды деген қалмасын деп кредит алғызып, ақшаны алды. "Өзіміз төлейміз, алып бер" деп. Жігіттің апасы "Іс бітті, енді қызың керек емес" деп, қызыма күнде-күнде тиісіп, тіпті сабауға дейін барды. Қызымды сабаған соң, апасының үстінен арыз жаздым", - дейді зорланған қыздың анасы.
Осыдан кейін жасөспірімнің психикасы бұзылған.
"Жігіттің апасы маған телефон соғып, "Іс бітті, қызыңыз енді керек емес, не істесең де, оны істеңдер, ештеңе істей алмайсыңдар, өйткені біздің әкеміз кезінде органда істеген, сен ештеңе жасай алмайсың, қайда барсаң да" деді", - дейді зорланған қыздың анасы.
"Ар-намысымыз тапталды" деген ата-ана қылмыстық істі қайта көтеруді сұрап прокуратура арыз жазған. Бірақ қадағалаушы орган қараусыз қалдырған. Сондықтан араша сұраған ана Атырау облысы прокуратурасына барды. Бірақ прокурорлар бұған дейінгі істің неге жабылғанын, жәбірленушінің арызы неліктен қаралмағанын ашып айта алмады.
"Қылмыстық процестік кодексінің 100-бабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша процеске қатысушы, яғни мәртебесі бар күдікті болсын, басқа да тұлғалар, олар заңды түрде шағым келтіре алады. Кез келген шешім бойынша. Егер уәжді арыз жазса, егер де ішінде уәждер тексеруге келсе, егер де негізді болса, біз, заң қызметкерлері ретінде оны қанағаттандыруға міндеттіміз", - дейді Атырау облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының бастығы Шыңғыс Нәсіпқалиев.
Осылай деп заңдылықтарды түсіндірген прокурор шағымданушыны жеке қабылдауына алып, анасы тағы да арыз жазып қалдырды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!