Атырауда қала, аудан, ауыл мешіттерінде 10 мыңға жуық балаға Ораза айт құрметіне айттық сыйлықтар таратылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атыраудағы орталық "Иманғали" мешітінде 654 балаға сыйлық таратылды.
"Халқымызда "Берсең, балаға бер" деген керемет сөз бар. Ораза айт - сыйлық алатын, сыйға бөленетін керемет мереке. Барша мұсылман қауымы асыға күтетін мерекеде балаларымызға да ерекше көңіл бөлу маңызды. Балаларымыз Аяз атаны емес, Наурызды, Ораза айтты, Құрбан айтты асыға күтетіндей етіп, бүлдіршіндерге керемет мерекелік көңіл күй сыйлауымыз қажет", - дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Атырауда барлық мешіт маңынан киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға дәм ұсынылып жатыр. Одан бөлек, күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, бұқа тартыс сынды ұлттық ойын түрлері бойынша ер адамдар арасында түрлі сайыстар өтіп жатыр.
Еске салайық, Атырау облысы бойынша 43 мешіт бар.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!