Атырау қаласының жергілікті тұрғыны жер қазып жатып кенет әскери граната тауып алған. Ф-1 жарылғыш аппараты тоттанған күйінде сақталған. Бұл жайында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға 13 шілде күні кешкі сағат 21:30 шамасында орын алған. Атыраудағы Морозов көшесінде орналасқан жекеменшік үйдің иесі жер қазып жатып қауіпті жарылғышты тапты. Арнайы іс-шаралар барысында тот басқан Ф1 қол гранатасы екені анықталды. Саперлер оны полигонға апарып, жару арқылы жойып жіберді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілдері.