Атырау тұрғындары көшеде жасөспірімдерді тексеріп жатқанына алаңдаулы. Мәліметке сүйенсек, балаларды полиция тоқтатып, олардың жеке заттарын тексереді екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Атырау тұрғынының сөзінше, 1 ақпанда 15 жастағы ұлын екі досымен бірге құқық қорғау органдарының қызметкері жеке заттарын тексеру үшін тоқтатқан.
"Олар Құрылыс алаңы маңындағы аллеяда серуендеп жүрген. Жанына ер адам келіп, полиция куәлігін көрсетіп, сөмкелері мен қалталарын көрсетуді талап еткен. Ұлым не үшін екенін сұрағанда, полицей тыйым салынған препараттарды іздеп жүргенін айтқан", - деді қала тұрғыны.
Атырау тұрғынының жазбасына осыған ұқсас жағдайларды суреттеген бірнеше пікір пайда болған. Ата-аналар балаларын адам көп жиналатын жерде тоқтатып, сөмкелерін тексеретінін айтады.
"Бұл қаншалық заңды? Балалар кәмелетке толмаған, қызметкерлер тексергісі келсе, заңды өкілдерін шақырған жөн шығар" - дейді ата-аналар.
Өңірдің полиция департамент өкілдері бүгінгі күнге дейін бұл мәселе бойынша азаматтардан арыз-шағым түспегенін айтты.
"Қаңтарда кәмелетке толмағандар арасында тыйым салынған заттарды анықтау бойынша мақсатты тексеріс жүргізілген жоқ. Балаларға қатысты заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда кез келген азамат кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізу үшін құқық қорғау органдарына хабарласуға құқылы", - деп түйіндеді полиция баспасөз қызметінің өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова