Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Бақтыбек Исаев тергеу изоляторына қамалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін Исаев уақытша ұстау изоляторында болған еді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылды.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, тергеу аясында лауазымдық өкілеттіліктерді асыра қолдану деректері тексеріліп жатыр. Іс-әрекеттердің түпкілікті саралануы ресми түрде жарияланған жоқ.
Тергеу амалдары қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде өткен есірткі заттарына байланысты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, іс аясында қылмыстық істермен және заттай айғақтармен жұмыс істеудің түрлі деңгейіне қатысы бар полиция қызметкерлерін қосқанда 17-ге жуық адам тергелуі мүмкін.
"Олардың арасында облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Саламат Қалиев те бар", — делінген басылым хабарламасында.
Тергеудің мән-жайы мен іске қатысы барлардың процестік мәртебесі ресми түрде ашық айтылмайды.
Бақтыбек Бақтығалиұлы Исаев Атырауда дүниеге келген. Орталық Азия университетінің түлегі. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2003 жылы бастаған.
Атырау қалалық полиция басқармасының басшысы болып 2024 жылғы мамырда тағайындалды. Оған дейін бірқатар басшылық лауазымды атқарған, атап айтқанда, Маңғыстау облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!