Атырауда полиция тұрғындарға ескерту жасады. Былтыр мұз ойылып, 12 адам суға түсіп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облысының полиция департаменті су айдындарында қайғылы жағдайға жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шараларды күшейтті.
"Былтыр полицейлер мұз ойылып суға түскен 12 адамды аман алып қалған. Осы жылы да құбылмалы ауа райында жазатайым оқиғалар орын алмауы үшін Жайық өзенінде патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, балық аулаушыларға қауіпті жерлерден балық аулауға тыйым салынатындығын және мұз үстінде жүрген қала тұрғындарына сақтық шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар мұз үстімен жүруге тыйым салынады ескерту белгілері орнатылған қауіпті жерлерден мұз үстімен өту деректері болған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделгені ескертілді.
"Су беттеріндегі мұз жамылғысы әлі де берік емес және әрқашан адамның салмағын көтере алмайды. Атырау облысы аумағында да ауа температурасының құбылмалығы себептерінен өзендегі мұз қалыңдығы әлсіз.
Сондықтан атыраулық полицейлер мұз бетіне шығуға болмайтындығын және жасөспірім балаларды өзенге жібермеу керектігін қатаң түрде ескертеді", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!