- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысының тұрғындары...
Атырау облысының тұрғындары бірнеше жылдан бері жарыққа жарымай отыр
Атырау облысына қарасты Сарыөзек саяжайының халқы бірнеше жылдан бері жарыққа жарымай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Діңкелері құрған жұрт қысы-жазы қайталанатын жағдайдан жалыққан. Көпшілік "қайта-қайта өшетін электр энергиясының кесірінен несиеге алған барлық тұрмыстық техникамыз жарамсыз болып қалды" дейді. Ал өткен ғасырдың 50-60 жылдары орнатылған бағаналар әбден ескірген. Сондықтан тұрғындар тоқты көрші үйлерге жалғап, сығырайған жарықпен жан бағып отыр.
"Жанатыны жанып, сөнетіні сөніп болды. Теледидар, тоңазытқыш бәрі күйіп кетті. Тоқ көтермейді. Жағдайымыз қиын. Тоқ әлі жоқ", – деді Сарыөзек саяжайының тұрғыны Альмира Шобалаева
"Токтың қуаты төмен. Желдеткіш мүлдем қоса алмаймыз. Жұмыс басталғандай болады. Бірақ нәтиже жоқ", – деді Сарыөзек саяжайының тұрғыны Ерболат Есқалиев.
Бұған дейін бұқара "Атырау-Жарық" мекемесіне арызданған. Алайда ондағылар әу баста-ақ "әкімдік бөлген жер біздің меншігімізге кірмейді. Сондықтан түк айта алмаймыз" деп қысқа қайырды.
"Атырау -Жарық" АҚ Сарыөзек ауылының тұрғындарынан электр энергиясына қатысты ешқандай арыз келген жоқ. Өйткені қала маңындағы Сарыөзек ауылының электр энергиясы теңгерімі қалалық Тұрғын үй коммуналдық және Тұрғын үй инпекциясы ММ тиесілі. Жаңадан салынып жатқан бағаналар да біздің мекеменің балансына жатпайды", – деді "Атырау-жарық" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Рахымжанова.
Әкімдіктегілердің бұған айтар өз уәжі бар. Жергілікті билікке сенсек, мердігер мекеме анықталып, келіссөз жүргізіліпті. Тоқ тарту, бағана орнату жұмыстары да басталып кеткен көрінеді.
"Бүгінде аталған ауыл бойынша 997 электр бағанасы орнатылып, 653 шам орнатылды. Алты дана трансформатор жүрді. Нысан бойынша 70 пайыз жұмыс жасалды. Жыл соңына дейін қалғанын аяқтаймыз. Халық игілігіне беріледі", – деді қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімі энергетика және байланыс секторының бас маманы Аман Латифов.
Сарыөзек тұрғындарына сапалы электр қуаты биыл да бұйырмайтын сыңайлы. Олар мыңға жуық тұрғыны бар Сарыөзектегі жарық мәселесін облыс әкіміне жеткізбек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина