Атырау облысындағы жоғалған отбасы: күдікті кінәсін мойындады

Атырау облысындағы жоғалған отбасы: күдікті кінәсін мойындады
Фото: ІІМ

Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты тергеу аяқталды. Басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындап, қазір тергеу изоляторында сотты күтіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Дереккөздердің мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысып, төрт адамды өлтіру дерегі бойынша кінәсін мойындаған.

Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бойынша айып тағылды. Сонымен қатар, тергеу аясында 188 және 190-баптар - "Ұрлық" және "Алаяқтық" бойынша қосымша қылмыстық істер тіркелген. Әңгіме қаза тапқан отбасының малын сату, сондай-ақ, олардың банк карталарынан ақша ұрлау туралы болып отыр.

"Барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Іс толық дайын, жақын күндері сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталады", - деді дереккөз.

Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиевтің есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Бұл оның заң бойынша толық жауапкершілікке тартылатынын білдіреді.

Тағылған айыптарды ескерсек, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget