Атырау облысында екі жігіттің бірі алты күн бұрын, екіншісі кеше із-түзсіз жоғалып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, жоғалғандардың бірі 23 мамырда Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылынан жеке қайығымен балық аулауға барған.
Ал Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылында тұратын екінші жігіт 28 мамырда мал жаюға шыққан.
"Бүгін 29 мамырда сағат 15:55-те жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Жылыой ауданында жолғалған 1991 жылғы ер адамның мәйітін Қамыскөл көлінен шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Ал сағат 16:15-те Махамбет ауданының Ақжайық ауылынан өріске мал айдап шыққан 26 жастағы жігіттің денесі Жайық өзенінен жайылмаға шыққан тасқын судан табылды", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жоғалған жігіттерді іздеуге Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінен, аудандық полиция бөлімі мен жергілікті органнан 24 адам, 6 техника, 4 моторлы қайық тартылған.
"Қазір өңірдегі су айдындарында, әсіресе Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі әлі тұрақтаған жоқ. Өзен суы арнасынан асып, жайылмаға тарады. Осыған байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарды су тасқыны кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Жайық өзенінде ағыспен ағып келген қоқыстар, ағаш қалдықтары және басқа заттардың адам өміріне қауіпті екенін ескертеміз", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!