Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасы: күдіктінің анасы мән-жайды айтты

Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасы: күдіктінің анасы мән-жайды айтты
Фото: Атырау облысы ПД

Атырау облысында жоғалған отбасының екі мүшесі өлі табылғаннан кейін полиция бұл істе кім күдікті екенін атады. Алайда күдіктінің анасы ұлының мұндай іске баруы мүмкін емес екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмыс бойынша күдіктінің анасы соңғы рет баласымен 11 желтоқсанда сөйлескенін айтқан. Оның сөзінше, содан кейін ұлы хабарсыз кеткен.

"КТК" телеарнасы

Телеарна мәліметінше, күдіктінің әйелі психоневрологиялық диспансер есебінде тұрған. Сонымен қатар, күдікті мен әйелі Атырауда үй жалдаған.

"Баламды олай тәрбиелеген жоқпын. Балам тәртіпті. Ондай жолға барады деп ойламаймын. Құдай сақтасын, мүмкін емес. Сенбеймін. Әкесі қатты, әкесінен қорқады. Әскерден келген соң күзетте жұмыс істеді. Қазір істемейді. Жүк тасушы болып жұмыс істеп келеді", - деді күдіктінің анасы.

Әйелдің хабар-ошарсыз кеткен ұлы мен келінінің бес баласының үлкені 10 жаста, кішісі бір жаста.

Махамбет ауданы білім бөлімі мамандары балаларды бақылауға алғанын, әзірге ата-әжесінде болатынын мәлімдеген.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.

"Бұл дерек бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды. Қазір оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр", - деді бұған дейін полиция.

8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Сонымен қатар, Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget