Атырау облысындағы Махамбет ауданында салтанатты түрде тұсауы кесілген "Сарайшық" визит орталығы жабық және өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімсіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, мамыр айының басында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың сапарына орайластырылып, Махамбет ауданында көптен күткен жаңа "Сарайшық" визит-орталығының ресми ашылуы болды. Өңірдегі туризм саласы үшін бұл шараның маңызы зор.
Оның құрылысы 2021 жылы басталып, аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Визит орталығында, атап айтқанда, конференц-зал, ғылыми-реставрация кабинеттері, электронды деректер базасы бар кітапхана, сондай-ақ жақын жерде орналасқан ескі музей жәдігерлері қойылуы тиіс алты көрме залы қамтылған. Айта кету керек, музей қорында бірегей және ортағасырлық Сарайшық қалашығын қазу кезінде табылған жәдігерлерді қосқанда 4,6 мың түрлі экспонат бар. 1999 жылы салынған бұрынғы бір қабатты музейдің шағын залдарында олардың бәрі сыймайды, сондықтан визит орталығының салынуы дөп келді.
"Салтанатты ашылуға алдын ала дайындалды. Театрландырылған көрініс қойып, кіреберіс алдына этноауыл орнатып, ардагерлерді, мәдениет, ғылым, өнер қайраткерлерін шақырды. Музей қызметкерлері жәдігерлерді түн жарымына дейін ескі ғимараттан жаңа ғимаратқа тасыды, ал астаналық мейман кеткеннен кейін... кері апарып тастады. Сөйтіп туристік орталықты аман-есен жауып тастады, алайда бұл әртүрлі деңгейдегі жергілікті шенеуніктердің кез келген уақытта туристік тартымды нысанның "ашылғаны" туралы баяндауына кедергі келтірмейді. Алайда "Сарайшықтың" шын мәнінде жұмыс істемейтінін тұрғындарға хабарлауды "ұмытып" кетеді. Жаңа әдемі орталыққа бару, раритеттерді тамашалау мүмкіндігіне қызығушылық танытқан облыс қонақтары мен тұрғындарының аптап ыстықта талай шақырым жол жүріп барғанда, қуаныштары су сепкендей басылып, ескі мұражайға баруға мәжбүр болып, кейін әлеуметтік желілерде ренжулері де орынды", - делінген материалда.
Редакция сауалына Атырау облысы құрылыс басқармасының (жұмысқа тапсырыс беруші) басшысы Нұрберген Құсайыновтың қолы қойылған жауап келген. Онда нысанды қабылдау, пайдалануға беру және оны баланста ұстаушыға беру процесі әлі жүріп жатқандықтан визит орталығы толық ашылмаған. Құжаттарды рәсімдеу жаздың соңына дейін жалғасады, ал "Сарайшық" қыркүйекте ғана "шын мәнінде" ашылады. Қалай дегенмен де, әкімдікте осылай уәде етіп отыр.
Визит-орталық құрылысының жалпы құны - 787,3 миллион теңге. Мердігер - "Ас Құрылыс" ЖШС-не бүгінде 95 пайыздық төлем жасалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!