- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында тасқын...
Атырау облысында тасқын судың беті қайтпай тұр
Жылыой ауданында тасқын судың беті қайтпай тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі АқЖайық басылымына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан келетін су Жылыой ауданына қатер төндіріп тұр. Үш күн, үш түн бел жазбай күрескен жылылойлықтардың әрекетіне қарғын су бой берер емес.
4 сәуірде ауданда төтенше жағдай жарияланды. Аудандағы 20 мектеп қашықтан оқу форматына көшіріліп, 20 балабақша уақытша жұмысын тоқтатты. Қарағай ауылы мен Құлсарыдағы "Болашақ" шағынауданы тұрғындары эвуакацияланды.
5 сәуірде Құлсары қаласында сирена іске қосылды. Жем өзеніндегі қауіпке байланысты балалар, әйел адамдар, науқас жандар, 1,2,3 топтағы мүгедектер 1, 5, 6, 8, 9, 16, 18 мектептерге орналастырылып жатыр.
"1993 жылы Құлсары суға кетіп, мыңдаған үй жарамсыз болып қалған еді. Ол кезде топан сумен бірге жаңбыр жауып, жағдайды қиындатып жіберген еді. Бірақ дәл осындай су келген жоқ, бұл өзгеше... Үш күн түнімен қарғын сумен алысып жатырмыз. Негізі әкімшілік о баста табиғи судың қауіптілігі жоқ деп сендіруімен халық қамсыз отырды. Су келіп, қауіп төне бастағанда іске кірістік. Алғашқы күндері техника, қапшық, күрек жетіспеді, жанар-жағармай тапшы болды. Осы жерде мыңдаған адам жұмыс істеп жатса да топан суға тосқауыл бола алмай жатырмыз. Бірақ адам күші жеткіліксіз. Әбден жағдай ушыққасын аудандық әкімшілігі мекемелерге хат жазып, адамдармен көмектесу жөнінде хат жолдады. Вахтада жүрген жігіттер ақысыз күн алып келіп жатыр", - дейді тұрғындар.
Жем өзенінен шыққан су Құрсай өзегі (Құлсары қаласының ішімен) арқылы Қамыскөлге құяды. Осы Құрсай өзегіндегі шабылмаған қамыс пен толған қоқыстардан су кетпей, қалаға қауіп төніп тұр. Әсіресе, көпір маңындағы қоқыстар тазартылмаған. Тіпті "Достық" пен "Бесінші ауыл" тұрғындарын байланыстырып тұрған автомобиль жолы көпірін алып тастауға тура келген.
Еске салайық, бұған дейін Атырау - Доссор - Құлсары бағытындағы Шоқпартоғай ауылы тұсындағы тасжолды су басып, қаламен қатынас тоқтаған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова