- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында тағы...
Атырау облысында тағы бір экономикалық аймақ құрылды
Президент Жарлығымен Атырау облысында "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл жайлы Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысында белгілі болды.
Комитет төрағасы Серікбай Трұмовтың айтуынша, құрылған арнаулы экономикалық аймақ үш негізгі мақсатты көздейді.
"Біріншісі, экономикалық аймақтың инфрақұрылымы мен логистикасын дамыту арқылы мұнай-химия зауыттарын құру мен салуға жағдай жасау, сол арқылы көмірсутек шикізатын терең өңдей отырып, мұнай-химия өнімдерін әлемдік нарыққа шығару. Екіншісі, инвестициялық жобаларды тарту мен жүзеге асыруға мүмкіндік алу үшін. Үшіншіден, химия өнеркәсібін дамыту, мұнай-химия өнімдерін өндіру", - деп атап өтті комитет төрағасы.
Ведомства басшысының айтуынша, арнаулы экономикалық аймақтарды дамытудың тиімділігі өте жоғары. Инвестиция тартуға, шетелдік инвесторларды қызықтыруға, жаңа технологияларды дамытып, әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға, ел тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Елімізде құрылған экономикалық аймақтарда жалпы саны 300-ден астам кәсіпорындар жұмыс істейді. Онда 21 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған көрінеді.
Атырауда құрылған бұл экономикалық аймақта көпсалалы аурухана салынып, басқа да қызмет нысандары бой көтермек. Әлеуметтік нысандарға да көңіл бөлінеді.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде сөйлеген сөзінде өңірдің мұнай-химия саласын дамытуға әлеуеті жоғары екенін атап өткен.
Қ. Слямбек"Атырау облысының экономикасы мұнай-химия саласымен тығыз байланысты. Бұл сала – аймақтың негізгі экономикалық даму болашағы, тіпті, елдің экономикасын дамытып отырған сала. Алайда ол үшін "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағын дамытуға күш салу керек", - деп атап өткен еді президент.