Атырау облысында сиырлар сеспей қатып жатыр. Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары адал баққан малының өлексесін өрістен жинап жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Бір күн ішінде ондаған бас ірі қара арам өлген. Бәрінің іші кеуіп кеткен. Кейбірін мал иелері сойып көрген. Тұрғындар "Жем өзенінің арнасын кеңейтіп, шлюз сала басталғалы мал қырыла бастады" дейді. Себебі құрылысшылар жерасты суын шығаратын фильтр орнатыпты.
Тұрғындардың айтуынша, дәл содан шыққан суды ішкен мал жаппай қырылып жатыр. Ал ветеринарлар сол судан да, малдан да сынамалар алып, зертханаға жіберген. Әзірге улану деп болжап отыр.
"Өлген малдардан сынама алынып, Атырау облысы ветеринария зертханасына жіберілді. Зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін қосымша тағы да хабарлаймыз", - деді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы Бекарыс Меңдіқұлов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!