Атырау облысында ойын-сауық орталығындағы өрт неден шыққаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
27 қазанда сағат 18:37 шамасында Атырау қаласы Б.Құлманов көшесінің бойында орналасқан сауда ойын-сауық кешенінің бірінде түтін шыққаны туралы шақырту түсті. Атырау облысы ТЖД күштері дереу оқиға орнына жетіп, 80 адамды, оның ішінде 45 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт балаларға арналған киім дүкенінің қоймасынан басталған.
Оқиға орнында штаб құрылып, өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді.
Өрт сағат 21:58-де оқшауланып, сағат 22:50-де толықтай жойылды. Өрттің жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метр. Өрттің шығу себептері алдын ала болжам бойынша ток желісінің қысқа тұйықталуы.
Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД 2 шақырту бойынша күштер тартылып, жалпы саны 92 жеке құрам және 12 бірлік техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар оқиға орнында департаменттің психолог мамандары эвакуацияланған адамдарға және кәсіпкерлерге психологиялық көмек көрсетті. Жедел жәрдемнің 2 бригадасы, Апаттар медицинасы орталығы ММ 4 қызметкері, полиция департаментінің 50 қызметкері, 23 бірлік техникасы және шұғыл әрекет ету мекемелері жұмыс істеді.
Өрт оқиғасына байланысты 27 қазаннан бастап Атырау облысы ТЖД дағдарыс орталығында 45-14-75 нөмірі арқылы жедел желі іске қосылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз