- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында мектеп...
Атырау облысында мектеп асханасындағы ұннан құрт шықты
Атырау облысындағы мектептердің бірінде құрттап кеткен ұннан нан пісірген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Исатай ауданындағы Юрий Гагарин атындағы орта мектептің ата-аналары жағдайды өз көзімізбен көрдік деп дабыл қаққан. Оны мектеп аспазы да мойындайды.
Видеода ұнның жарамдылық мерзімі 2017 жылы өтіп кеткені анық жазылған. Есімін атамауды сұраған ата-ана төрт баласы осы мектепте оқып, асханадан тамақтанатынын айтады. Өзі де білім ордасында қызмет етеді екен. Оның айтуынша, оқиға болған күні медбике келіп, асханадағы астықтан құрт шығуына байланысты акт жасауға ата-ана ретінде куә болуға шақырған.
"Бастауыш сынып мұғалімдеріне бардым. Сіздер менімен бірге жүріңіздер, балаларды тамаққа апарып жүрсіздер ғой. Ұнды барып қарайық. Бірінші елегенде шыққан жоқ. Одан кейін видео түсіріп алдым ғой. Сонда шықты. Одан кейін фотолар да бар. Фотолар фотошоп емес", - дейді куәгер ата-ана.
Алайда мектеп басшылығы өздері тексеріс жүргізген кезде ешқандай құрт шықпағанын айтып, ақталды. Ата-аналар болса, мерзімі өтіп кеткен астықтан тамақтанған балалар ауырып қала ма деп алаңдайды. Өйткені эпидемиолог мамандар арыз түспегендіктен, жеке кәсіпкер иелігіндегі асханаға аяқ баса алмайтындарын айтады.
"Бұл видеоға сәйкес тұрғындар тарапынан шағым келіп түскен жоқ. Осы орайда ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мораториий енгізілуіне байланысты бұл кәсіпкерлік объекті ерекше тәртіппен тексеруден босатылып отыр", - дейді Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Бақытгүл Қартмағанбетова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова