- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ет тасымалдау туралы
Атырау облысында мал союға, тасуға неге қатаң тыйым салынды?
Редакцияға хабарласқан Атырау облысының тұрғындары өңірде ет, мал тасымалына қатаң тыйым салынып жатқанын, тексеріс күшейгенін айтты. Massaget.kz тілшісі мәселені анықтауға тырысты.
Карантин жарияланды
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, сібір жарасына тексеріс жүргізілген. 20 қарашада "Асыл-Агро" шаруа қожалығының мал сою цехы аумағында өлген малдан сібір жарасы анықталғаннан кейін шаруашылық аумағына карантин енгізілген.
"Инфекция тарамауы үшін және санитарлық шараларды күшейту мақсатында сынамалар алу, мониторинг жүргізу шаралары қабылданды", - деп жазылған хабарламада.
Мамандар бұл аумақтағы малға толық вакцинация жасаған.
"Ауру малмен байланыста болған 16 адам тұрақты динамикалық бақылауда. Олардан ауру белгілері анықталған жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Тексеріс нәтижесі
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мамандары мал сою цехтарынан, ірі базарлар мен шағын сауда орындарынан 700-ден аса сынама алған.
Ет өнімдерін сақтау және сату орындары (сөрелер, қоймалар); мал сою және тасымалдау кезінде қолданылатын құрал-жабдықтар; сатуға арналып сойылған мал етінен; сонымен қатар 5 мал сою цехынан топырақ, жем-шөп және тірі малдың биоматериалдары алынды.
"66 нысан зерттелді. 700-ден аса сынама сібір жарасы бактериясына тексерілді, оның ішінде 44 нысан бойынша нәтиже теріс болып шықты, ал қалғандары әлі зерттеліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Неге ауылдан қалаға мал, ет өткізілмей жатыр?
Әкімдіктің мәліметінше, облысқа ауру мал кіруін болдырмау мақсатында 4 полиция және ветеринарлық бақылау бекеті орнатылған.
Мұнда вакцинацияны растайтын құжаттарды тексеру; малдың жағдайын, оның ішінде дене қызуын өлшеу шаралары жасалып жатыр.
Кімдерге тыйым салынды?
20-25 қараша аралығында қажет құжаттары болмауына байланысты 30 көлік иесіне мал әкелуге тыйым салынды. Олар: 838 бас ұсақ мал (ҰМ); 192 бас ірі қара мал (ІҚМ); 16 жылқы.
Қалада да тексеріс күшейді ме?
Атырау қаласындағы мал сою цехтарында да бақылау шаралары жүріп жатқаны белгілі болды.
Әкімдік құжаттары жоқ малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынғанын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында құжатсыз мал тасығандар жауапқа тартылып жатқаны, сібір жарасын жұқтырған үш ірі қара арам қатқаны, бір адам ауруханаға түскені хабарланды.
Кейінірек тағы бір адам ауруханаға түсті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова