Атырау облысында құжатсыз мал тасымалдағандар жаппай жауапқа тартылып жатыр. Себебі өңірде күйдіргі кеселі таралып жатыр. Қазірге дейін сібір жарасын жұқтырған үш ірі қара арам қатып, бір адам ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Облыстық әкімдік арнайы жұмыс тобын құрып, жедел алдын алу шарасын қолға алған. Күйдіргі ошағын оқшаулау, дезинфекциялауға Ақтөбеден арнайы отряд келген. Қаладағы мал соятын және ет сататын 66 нүктеден сынамалар алынған. Бірде-бірінен жұқпалы вирус анықталмапты.
Қазір Атырауға кіреберіске бекеттер орнатылып, полиция мен ветеринар мамандар кезекшілікке шықты. Олар мал тасымалдап келе жатқан көліктерді қатаң бақылауға алған. Ветеринария құжаты жоқтарға айыппұлдар салынып, мыңдаған мал басы кері қайтарылып жатыр.
"Қазір тиісті өзгеріс енгізіп, заңбұзушылық, құқықбұзушылық, құжатсыз тасымалдау бойынша әкімшілік жауапқа тарта бастадық", - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында қаңғыбас иттер өрістегі малды қырып кеткені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!