Атырау облысында қауіпті жәндік көбейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі atpress.kz-ке сілтеме жасап.
Индер ауданының тұрғыны Ақару Ахметованың айтуынша, ауылда қарақұрт қаптап кеткен. Ал қарақұрттың уы мамыр мен маусым айларында үлкен қауіп төндіреді.
"Индер ауданының тұрғыны ретінде айтарым, екі жыл қатарынан қарақұртпен күресіп келеміз. Қолдан келер шарамызды қолданып көргенмен, қарақұрт жойылар емес! Бұл топан сумен келген мәселе емес, жыл сайын болып жүрген жағдай. Дизенфекция жұмыстарын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Бірақ қауіпті жәндіктің азаяр түрі көрінбейді. Бақшамызда жеміс-жидек пен көкөністеріміз бар. Бірақ оны уақытында теріп ала алмаймыз. Себебі қарақұрт көптігінен бақшаға кіруге қорқамыз. Сақтық шараларын сақтауға тура келеді. Қорамызда малымыз жоқ, алайда ит пен мысық секілді үй жануарлары осы қарақұрттан өліп жатыр. Соған қарағанда, төрт түлік түлетіп отырған шаруалардың жайы тіптен қиын-ау деп ойлаймын. Сондықтан жауапты мамандар мәселені тез арада шешуге атсалысса екен", - дейді ол.
Айта кетейік, қарақұрт жыланнан да қауіпті жәндік болып саналады. Ол адам не жануарды шаққан кезде 10 минут ішінде зиянын тигізіп үлгеруі, тіпті өлтіруі де мүмкін екен.
Еске салайық, бұған дейін де Атырау облысында қарақұрт шаққан он адам ауруханаға түскені хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!