Атырау облысы Индер ауданында он адамды қарақұрт шаққан. Салдарынан тұрғындар ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress басылымына сілтеме жасап.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаеваның айтуынша, бүгінге дейін аудан бойынша 10 адам улы жәндіктен зардап шеккен. Олардың ішінде бірі 7 жастағы, екіншісі 15 жастағы бала екен. Жапа шеккендер - елді мекеннің тұрғындары. Оның ішінде аудан орталығы Индербор кентінен де және ауылдық округтерден де бар.
"Қарақұрт шағып ауруханаға түскен тұрғындардың барлығының алғашқыда жағдайы өте ауыр болды. Медициналық ем-домның нәтижесінде жағдайы қалыпқа келді. Олардың 9-ы ауруханада ем алса, бір адам ғана емханада ем алды. Қарақұрттың шабуылы жылда маусым мен шілде айларында тіркеліп жүр. Ал тамыз айында уының қуаты артып, тіпті қауіпті бола түседі. Қарақұрт уына қарсы сарысу (сыворотка) дәрі қоры аудандық ауруханада әзірге бар. Қауіп күшеюіне байланысты облыстан оның қорын тағы да толықтыруға ұсыныс беріп отырмыз. Улы жәндік шаққан жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру керекн емесе жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізу қажет. Дұрыс және уақытында емдеу удың қаупін төмендетеді. Егер медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, адам ажал құшуы мүмкін. Сондықтан абай болған жөн", - деді бас дәрігер Анар Доспаева.
Сонымен қатар, қарақұрт өңірде биыл да төрт түлік малға қырғидай тиіп жатыр. Аудандық ветеринариялық басқарма басшысының орынбасары Ержан Әбішовтің айтуынша, биыл 87 түйені қарақұрт шаққан. Соның ішінде 79 түйені емдеп жазып алуға мүмкіндік болған. Ал 8 түйе жәндік уынан өлген. Сондай-ақ, 9 жылқыны шаққан. Оның бесеуі өлген.
"Тұрғындар ұсыныс білдірсе, үйлерінің аулаларын, мал-қораларын ақылы түрде дезинфекциялап бере аламыз. Сондай-ақ, қарақұртқа қарсы дәрі-дәрмек ветеринариялық дәріханада да бар. Қазіргідей қарақұрт көбейген шақта мал иелері малдарына бақылауды күшейтіп, улы жәндік шақса, ем қолдану қажет", - дейді Ержан Әбішов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз