Әлеуметтік желілерде Атырау - Индер тасжолындағы жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан видео пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz-ге сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, видеодағылар жол жөндеушілер емес, қарапайым жергілікті кәсіпкерлер екен. Тұрғындар облыстық маңызы бар жол сапасына көптен бері шағымданып келе жатыр және уақыт өткен сайын ол нашарлай түскен.
"Барлығы бақылау болмауына байланысты. Алты-жеті жыл бұрын осы жолды берген кезде жол салынғанына қуандық. Бірақ Индер карьерінен Атырауға топырақ пен қиыршық тас таситын жүк көліктерінің кесірінен қирап жатыр", - дейді жергілікті тұрғындар.
Жолды жөндеп жатқандар, расында да, карьерден қиыршық тас пен топырақ тасымалдаушылар болып шыққан. Олардың айтуынша, өз күштерімен осындай уақытша жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйғарған.
"Жол нашарлағаны рас. Жөндеуді көргенде, сол адамдарды тоқтатқым келді, өйткені технология сақталмады. Ал бұл атыраулық жүргізушілер екені белгілі болды, олар жолдағы шұңқырларды жамауды қолға алды және бұған облыстық автомобиль жолдары басқармасынан рұқсат алды. Әрине, Атырау - Индер жолының сапасына бақылауды күшейту қажет, рейдтер ұйымдастырамыз", - дейді Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!