Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында жоғалған отбасын іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Жангелдин ауылының әкімі Қанат Ғайса жоғалған отбасы мен оларды іздеу барысы туралы айтты. Әкімнің сөзінше, бұл отбасы бұрын ешқандай күдік тудырмаған, ерекше мінез-құлық көрсетпеген.
"Олар әкімдіктен көмек сұрамаған, себебі тұрақты табыстары болды. Отбасында екі зейнеткер және мүмкіндігі шектеулі екі адам бірге тұрған. Жиырма шақты қойы мен оннан аса ірі қарасы бар еді, сол арқылы күн көрген", - деді әкім.
Қазір іздеуге Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жұмылдырылған.
Әкімнің сөзінше, отбасы ауылдан қалаға қатынайтын такси қызметін де пайдаланбаған.
"Ауылымыз кішкентай, бөтен көлік келсе немесе біреу кетсе, бірден байқалар еді", - деді ол.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, отбасы мемлекеттік мекемелерге сирек барған. Соңғы рет 28 қазанда әйел қан қысымы жоғарылауына байланысты дәрігерлерге жүгінген.
Мән-жайы
Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
Полицияның мәліметінше, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылының тұрғындары қарашада өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған.
Кейінірек әлеуметтік желілерде "Атырау облысында із-түссіз кеткен отбасының тағы екі мүшесі жоғалғаны" туралы ақпарат тарады. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, бұл ақпарат ресми түрде тіркелмеген, қазір тексеріліп жатыр, туыстары арыз түсірмеген.
Сонымен қатар, жоғалған отбасыға қатысты тағы бір дерек шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова