Атырауда жоғалып кеткен бір отбасының мүшелері әлі табылған жоқ. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар ауыл маңын тінтіп, айналадағы өзен-көлді де сүзіп шыққан. Бірақ Мұқанғалиевтер әулетін көрдік-білдік деген жан жоқ. Есесіне, жоғалған отбасының мал-мүлкі сатылып кетіпті. Тіпті белгісіз сатушы еш саудаласпай, қалаған бағасына бере салған. Түскен ақша жоғалғандардың бірі әрі үй иесі Мақсот Мұқанғалиевтың есепшотына аударылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Бүтін бір отбасы ізім-ғайым жоғалған Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында соңғы бірнеше аптадан бері тұрғындардың тынышы кеткен. Жұр аралас-құралас жүрген жандардың жер жұтқандай жұмбақ жағдайда жоғалуына әлі сене алмай отырмыз дейді.
"Бұл кісілер ешкімге зияны жоқ, адал еңбегімен, малымен, зейнетақысымен күн көріп отырған. Екі баласы да зейнетақы алады, екеуінің де аяғы кем. Өзімен-өзі жүрген адамдар ғой. Аяқ астынан осындай төтенше жағдай болды. Түптеп келгенде, ешкім білмей қалды, көршілері де білмей қалып тұр. Кеше ғана 25-і күні арыз бергенді біліп тұрмыз. Ешкім ештеңе білмейді", - дейді ауыл тұрғыны Үсен Жолдасұлы.
Бір үйден жоғалған төрт адамды ауылдастары да өз бетінше іздеп жатқанын айтады. Бірақ әзірге еш нәтижесіз.
Отбасы мүшелері із-түзсіз кетіп, иесіз қалған үйге келдік. Қаңырап бос қалған шаңырақты қарашадан бері көршілері қарауылдап жүрген. Қазір бір хабар күтіп алаңдаған ағайын туысы жүр.
Жоғалған үй иесінің інісі Шалқар Мұқанғалиев қаладан келіп, ауылдағы жағдайды бақылауға алған. Оның айтуынша, бауырының баласы Наурыз Мұқанғалиевтің атынан белгісіз біреу 20 шақты ұсақ мал мен екі ірі қараны сатып үлгерген. Тіпті бағасын да қоймаған. Алайда барлық адаммен тек жазба арқылы сөйлесіпті.
"Неге іздемейді деп жазып жатыр ғой. Оның іздемеуіміздің себебі: Наурыздың бізбен мессенжер арқылы байланысқа шығып отырғаны. СМС-хат жолдап отырды. Анамыз ауырып қалды, сол үшін малды сатып жатырмыз деп. Ауыл азаматтарына шыққан, мал алады ау деген, өзіміздің ауылда көрші ауылдың адамдарына шыққан, бірақ ешкімге аудио жазбаған, видео-қоңырау соқпаған, тек мәтін жазған. "Үйде осындай мал бар, өзің қалаған бағаңа ал, маған ақша керек" деп", - деді туысы Шалқар Мұқанғалиев.
Ал жоғалған үй иесінің осы ауылда тұратын қарындасы Фарузат Кенжеғалиева малды жаппай сата бастағанда ғана "секем алдым" дейді. Сөйтіп бауырын іздей бастаған.
"Бұл үйде жеңгем алыс жолға барса, ағам үйде қалады. Ағам ешқашан бұл үйді тастап кетпейді. Ол мал-жанын тастамайтын адам. Кетіп бара жатса да, айтып кетеді. Менің бар білетінім, желтоқсанның 14-інен бастап қозғалдым. Бұл не себептен мал сатып жатыр? Бұл үйде неге көшіп жатыр? Бара-бара, үйді сата ма деген оймен қимылдадым. Оған дейін білген жоқпын. Наурыз деген баласы "мен алып кеттім, емдетіп жатырмын" деп, туған қарындасы Әдеміге айтқан", - дейді Фаризат Кенжеғалиева.
Тәртіп сақшылары 5 қараша күні Жангелдин ауылынан отбасының қыз-күйеуі және үйдегі қызы Мейрамгүл Қарабалиева ғана таксимен қалаға шығып кеткенін айтқан. Олар Индер ауданындағы жанармай бекетіндегі бейнекамераға түсіп қалған. Ал Мақсот Мұқанғалиев, Нәсіп Өтешқалиева және Наурыз Мұқанғалиевтың қайда екені әлі белгісіз. Полициямен бірге төтенше жағдай қызметкерлері де бірнеше күннен бері ауылда тінту, іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгін елді мекен іргесіндегі шағын көлге сүңгуірлер түсті. Сондай-ақ төтеншеліктер су асты дронын да жіберген.
"Іздестіруде Шадымантүбек, Қарасу, Бесмола, Бірмола учаскелері, тағы да басқа жерлер қаралды. Радиусы шамамен 20 шақырымдай жерлер. Сондай-ақ, бүгінде полиция департаментінің нұсқауымен Қарасу аумағы қаралып жатыр. Бұл жерде қазір сүңгуірлер және де су асты дроны жұмылдырылған", - деді Атырау облысы ТЖД басқармасының бастығы Жантөре Демешов.
Делсал күй кешкен туыстары "отбасын алып кетті" деген қыз бен күйеу баласы Ақбаян Мұханғалиева мен Сұлтан Сәрсенғалиевты құзырлы органдар елге неге алдырмай отыр деп наразы. Өйткені Наурыз Мұқанғалиевтың телефоны әлі қосулы, әлі желіде отыратынын айтады. Бірақ ешкімге жауап бермейді.
Мән-жайы
Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
Полицияның мәліметінше, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылының тұрғындары қарашада өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған.
Кейінірек әлеуметтік желілерде "Атырау облысында із-түссіз кеткен отбасының тағы екі мүшесі жоғалғаны" туралы ақпарат тарады. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, бұл ақпарат ресми түрде тіркелмеген, қазір тексеріліп жатыр, туыстары арыз түсірмеген.
Атырау облысы ПД
Сонымен қатар, жоғалған отбасыға қатысты тағы бір дерек шықты. Кейін ерлі-зайыптының мәйіттері табылғаны айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz