25 желтоқсанда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасы жоғалып кеткені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жоғалған жандардың туысы Tengrinews.kz-ке мән-жайды айтты. Әсила Мұқанғалиеваның сөзінше, соңғы рет ағасымен 2025 жылғы қазанда сөйлескен. Ол жұбайымен үш бала тәрбиелеп өсірген: екі қыз бен бір ұл. Кіші қызы күйеуімен бірге көрші Махамбет ауылында тұрған.
Ерлі-зайыпты зейнетақыға күн көрген, мал шаруашылығымен айналысқан.
"Аға-жеңгем өте мейірімді, қарапайым адамдар еді. Үшінші топтағы мүгедектігі бар зейнеткерлер. Зейнетақы алатын, мал шаруашылығымен айналысты. Олар жан баласына жамандық жасамайтын", - деді туысы.
Туысының айтуынша, қайғылы оқиға кіші қызы күйеуімен бірге ата-анасының үйіне келгеннен кейін болуы мүмкін. Оның сөзінше, олардың күйеу баласы жоғалған жандарды көрген соңғы адам болған.
"Ауыл тұрғындарының айтуынша, күйеу бала ініміз бен сіңілімізді таксиге отырғызып, алып кеткенін көрген. Сондықтан күйеу бала күдікті деп санаймыз. Ол жалғыз әрекет еткен жоқ, жанында басқа адамдар да болуы мүмкін", - деді ол.
Бұрын ерлі-зайыпты мен күйеу баласының арасында ұрыс-жанжал болмаған.
Қазір бұл отбасының кіші қызы мен оның күйеуі қайда екені белгісіз. Олардың бес баласын туыстары қарап отыр.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
Атырау облысы ПД
6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.
"Бұл дерек бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды. Қазір оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр", - деді бұған дейін полиция.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова