Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалғандарды іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ақпарат журналист Жанат Молдашованың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
"Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс Полиция департаментінің өндірісінде. Қылмыстық іс бойынша нұсқау беріліп, облыс прокуратурасының қатаң бақылауында. Әлеуметтік желіде неше түрлі ақпарат тарап жатыр. Сол ақпаратқа сенбей, ресми мәліметке сүйену қажет", - деді Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Нұрболат Сұлтанов.
Прокуратура өкілі іздестіру жұмыстары тоқтамағанын жеткізді.
"Іздестіру жұмыстары тоқтатылған жоқ, жалғасып жатыр, тоқтамайды. Қызылқоға ауданында іздестіру жұмыстары ауа райы күрт өзгеруіне байланысты уақытша тоқтаған. Алайда жақын арада жалғасын табады. Күдіктіні, марқұмдардың хабар-ошарсыз кеткен балаларын іздестіру тоқтаған жоқ. Қар қалың жауып, мұз қатып қалғандықтан, Қызылқоға ауданында Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан уақытша тоқтатылды. Жалпы қылмыстық іс бойынша жедел іздестіру тоқтаған емес және тоқтамайды", - деді ол.
Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.
6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.
8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Сонымен қатар, Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелген. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!