- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында жүк...
Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты
Атырау облысында жеңіл көлік теміржол жолағына шығып кетіп, жүк пойызымен соқтығысты. Салдарынан бір адам қаза тапты, - деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.
Басылым мәліметінше, қайғылы оқиға 13 шілдеде болған. Атырау облысының Мақат ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне жергілікті уақытпен сағат 11:45-те хабар түскен. Мақат кентінен 20 шақырым қашықтықта темір жол өткелінен өтпек болған Lada Granta жеңіл автокөлігі жүк пойызының тепловозына соқтығысып қалған.
"Соқтығысудың салдарынан жеңіл көліктің 1999 жылғы жүргізушісінің жарақат алғаны анықталды. Ал көлікте болған 54 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері "Холматро" арнайы құралы арқылы мерт болған адамның денесін шығару жұмыстарын жүргізді. Жүк пойызының тіркемесінде құрылыс материалдары тиелген 66 жүк вагоны болған.
Г. Досымшалова