Атырау облысында жоғалған отбасы: марқұмдардың бірі соңғы аудиохабарламасында не деген?

Атырау облысында жоғалған отбасы: марқұмдардың бірі соңғы аудиохабарламасында не деген?
Фото: Атырау облысы ПД

Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қандай жаңа дерек шықты?

Атырау облысында жоғалған отбасының туысы марқұм әйелдің атынан жіберілген соңғы аудиожазба туралы айтты. Жақындарының сөзінше, бұл аудиожазба ескі болуы және оны кісі өлтірді деген күдікті жіберуі мүмкін.

Бұл ақпарат "КТК" телеарнасының журналисі Жанат Молдашованың әлеуметтік желідегі жазбасынан белгілі болды. Ол марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен әңгіменің аудиожазбасын жариялады.

Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, ерлі-зайыпты өмірден өткен болуы мүмкін деген күннен кейін де отбасылық чаттарға хабарламалар келіп тұрған. Осындай аудиохабарламалардың бірі 7 қарашада келген. Бірақ жақындары бұл уақытта ерлі-зайыпты қайтыс болғанына сенімді.

"Нәсіп жеңгеміздің ағайын-туыстарының тобына жіберген аудиосы бар. Сол аудиохабарламалардың бірін 7 қарашада жіберген. Күдік тудырмас үшін... Қалай болғанда да, біреу жіберіп тұр... Қазір "телефонның бәрі Сұлтанда (күдікті күйеу бала - еск.) болды" деп тұр ғой. Сол Сұлтан жіберген шығар деп ойлап тұрмыз", - деді Шалқар Мұқанғалиев.

Әйел соңғы аудиохабарламасында не дегені белгілі болды.

"Қалайсыздар, жақсысыздар ма? Бүгін - үлкен жұма, аман болыңдар, ауырмаңдар" деген. Үнемі ағайындарына жазып, хәл-жағдай сұрасып тұрады екен. Жұма күнге сәйкес келген жазба болып тұр ғой. Сол жазба 7-сі қайтадан келіп тұр. Бірақ 7-сі ол кісілер бұл дүниеде жоқ екен", - деді марқұмның інісі.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жоғалған жандардың жақындары бірден құқық қорғау органдарына жүгінбегені хабарланған болатын, өйткені олар осы отбасының бір мүшесі Наурыз Мұқанғалиевтан хабарламалар алып тұрған.

Атырау облысының Полиция департаменті тергеу және іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.

"Бұл дерек бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды. Қазір оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр", - деді бұған дейін полиция.

8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Күдікті туралы

Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

qamqor.gov.kz 

Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелген. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget