Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты қылмыс ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
2025 жылы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел, сондай-ақ, олардың балалары, яғни 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен.
Атырау облысы ПД
Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланған. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылған.
"Былтыр желтоқсанның аяғында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтты. Жүргізілген жедел тергеу іс-шаралары нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерден көмілген күйде табылды", - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Ерлі-зайыпты өлі табылып, күйеу бала күдікті деп танылды
6 қаңтарда тергеу барысында сарайдың ішінен ерлі-зайыптының сүйегі табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздестіру жұмыстары жалғасты.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
Күдікті Индонезияда ұсталды
Күдікті Индонезияда ұсталған. Онымен бірге отбасының кіші қызы да анықталған.
"Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, осы елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Ұсталғаннан кейін күдікті қалған екі адам қайда екенін айтқан
ІІМ мәліметінше, ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындаған. Оның көрсетуімен жедел тергеу тобы қосымша тергеу жүргізген. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың сүйегі табылған.
"Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр, бұл іс министрліктің бақылауында", - деді Қанат Нұрмағамбетов.
Марқұмдардың кіші қызы Ақбаян қайда?
Қазір тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда. Сондай-ақ, отбасының кіші қызының бұл іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
"Психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді", - деді ІІМ өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та марқұмдардың ұл-қызы да өлі табылғаны туралы ақпарат тарады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова