Атырау облысы Махамбет ауданында жайылымға мұнай төгілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, өріске қара алтын төгіп, қоршаған ортаны кім ластағанын экологтар да, жергілікті билік те білмейді.
Көлемі 120 шаршы метрді алып жатқан бұл аумақта кезінде ұңғыма қазылған. Кейін жер қойнауын пайдаланушы компания сол күйі тастап кеткен. Қазір жер де, ұңғыма да мемлекет меншігінде. Сондықтан мұнай төгілген аумақты қоршау және тазалау жұмысы Махамбет ауданының әкімдігіне жүктелген. Алайда әкімдіктегілер бұл ұңғыманы бітеп, тазалау оңай жұмыс емес екенін жеткізіп отыр. Тіпті шенеуніктер ұңғыма қазып, жайылымды ластаған қай компания екенін де ашып айта алмады.
"Бізге бұл оңтүстік "Бәйменке" кен орнындағы "К3" ұңғымасы делінген мәлімет жолдады. Кімге тиесілі екенін бізге айтқан жоқ. Қазір мемлекет меншігінде деген жауап келді. Енді жер заңнамасына сәйкес кімге тиесілі, сол жердің иесі тазалап, қалпына келтіруге, айналымға қосуға міндетті", - дейді Атырау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!