Әлеуметтік желіде Атырау облысында балық қырылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі мәселеге орай жауапты органдарға жүгінді.
Атыраулық Аслан Омаров әлеуметтік желіде өңірде балық қырылып жатқанын мәлімдеп, видеолар жариялады. Оның сөзінше, су тасқыны кезінде арнасынан асып кеткен Жайық өзенінде су деңгейі қайтып, салдарынан көлшіктерде миллиардтаған шабақ қалған. Мұндай жағдай Махамбет ауданы Талдыкөл ауылында байқалған.
"Шабақ саны өте көп-ақ, сазан, тұқы, жайын, көксерке, аққайраң сынды шабақтар өте көп кездесті, басым көпшілігі - сазан шабақтары. Еріктілер қажет, енді құтқарып қалмасақ, бәрі кеш болады!!!" - деді ол.
Атыраулық азамат Соколок каналында да 90 пайыз жайын шабақтары ауа жетпегендіктен, судың ысуынан қырылып жатқанын айтты.
"Соколок - терең канал, бұған билік және кәсіпқой кооперативтер араласпаса, бұл шабақтарды өздігімізбен құтқаруымыз әбден қиын, өйткені Жайық өзені алыс, шабақтарды жеткізем дегенше текке қырылады", - деді Аслан Омаров.
Атырау қаласындағы Еркінқала шағынауданында осындай жағдай тіркелген.
Желі қолданушысы Қара өзен арнасында да балық қырылғанын айтты.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Massaget.kz-ке берген ресми жауабында желіде тарап кеткен видеоларға қатысты пікір білдірді.
"Биыл су деңгейі артуына байланысты балық көбеюіне қолайлы жағдай туды. Қазір "Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы" ЖШС АОФ мамандары ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыстардың қорытындысы жыл аяғында белгілі болады", - деп жазылған ведомство жауабында.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, шабақтың мол көлемі Атырау қаласы мен Махамбет ауданы маңындағы көлшіктерде анықталған.
Желіде тарап кеткен кадрларда балықтарды құтқаруға еріктілер жұмылғаны көрінеді. Балық шаруашылығына жауапты басқарма құзырлы органдар тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
"Шабақ құтқару жұмыстарының басым бөлігін Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының, Атырау қаласы мен аудандар әкімдіктеріне қарасты мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ, еріктілер атқарып жатыр. Ақпараттарға сәйкес облыс бойынша 37,267 миллион дана шабақ құтқарылды, құтқару жұмыстарына 429 адам, 78 техника жұмылдырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр", - деп жазылған жауапта.
Еске салайық, су тасқынына байланысты 7 сәуірде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешімге қол қойған еді. Өңірде біраз уақыт су деңгейі көтерілді. Кейін жағдай тұрақталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!