Атырау облысында бір күнде екі жол апаты болып, жүргізуші қаза болып, 8 адам ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 шілдеде екі жол апаты болған.
"Жол апатының біреуі таңертеңгі сағат 09.00-де "Доссор-Құлсары-Бейнеу"» автожолының 105-шақырымында Нiger автобусы мен Toyota Camry маркалы көлігі соқтығысқан. Көлік апатының салдарынан автобус жол жиегіне аударылып қалды. Автобустың алты жолаушысы әртүрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушылар жедел жәрдем бригадасының көлігімен ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ал, кешкі мезгілде "Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы" бағытындағы тасжолдың 590-шақырымында тағы бір жол апаты тіркелген.
"Аталған жолдың бойында Lada Priora маркалы жеңіл көліктің жүргізушісі жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтамай, алдында келе жатқан КамАЗ жүк көлігінің артқы бөлігіне соғылды. Жеңіл көлік соққының екпінімен жолдың қарсы жолағына шығып кеткен. Сөйтіп, қарсы бағыттағы Lada көлігімен түйіскен. Жол апатының салдарынан Lada Priora көлігінің рулінде отырған 22 жастағы жүргізуші оқиға орнында қаза болды. Ал, әртүрлі дене жарақатын алған Lada көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы облыстық ауруханаға жеткізілді, - деді департаменттің баспасөз қызметінен.
Полиция қызметкерлері екі жол апатына қатысты тексеруді бастады.