Атырау облысында хирург МӘМС есебінен төленетін отаға науқастардан ақша алған: іс сотқа жетті

Атырау облысында алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу деректері бойынша күдікке ілінген хирург дәрігерге қатысты тергеп-тексеру аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Тергеу амалдарына сай күдікті 2023-2025 жылдар аралығында Family Health Clinic ЖШС мен "Ким В." ЖК клиникасында жұмыс істеп, науқастардан варикоз ауруына жасалатын ота МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған және көрсетілген қызмет үшін төлемді өзінің банк шоттарына қабылдап отырған.

Сонымен қатар, DamuMed жүйесіне науқастарға тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәлімет енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алған. Осылайша, бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: біріншісі - МӘМС қаражаты, екіншіcі - науқастардың өз қаражаты.

Келген шығын көлемі

Салдарынан күдікті 42 науқастың 8 млн теңгеден аса қаражатын заңсыз иемденген. Ал көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға қор тарапынан 14,8 млн теңгеден аса қаражат аударылған.

Бұдан бөлек, ол қызметтік міндетін орындағаны үшін науқастардан заңсыз ақшалай сыйақы алғаны да анықталған.

Күдіктіге елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз