Атырау облысында “ер адам құлдыққа түскені“ туралы ақпарат тарады: полиция не дейді?

Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желіде "ер адам Атырау облысында құлдыққа түскен болуы мүмкін" деген ақпарат тарады. Алайда полиция бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейтін қырғызстандық Исламбек Советбеков 24.kg басылымына көмек сұрап жүгінген. Ол қазір Қазақстанда қиын жағдайда жүрген Мақсат Төрөбекұлы Ишенбаевтың туыстарын іздеуге жәрдем сұраған.

Исламбек Советбековтің айтуынша, Ресейге рейстер кезінде Маратты Ақтөбе облысының Хромтау қаласында "Шерхан" тұрағында екі рет кездестірген: алдымен қаңтарда, кейін осы жуырда. 

"Мақсат Ишенбаев Атырауда жұмыс істегенін, онда еңбек құлдығына түскенін айтты. Ол сол жерден қашып шыққан, бірақ құжаттарынсыз қалған. Ер адамның сөзінше, Бішкекте "Тунгуч" шағынауданында ағасы Азамат Ишенбаев тұрады, сондай-ақ, Марат Ишенбаев есімді ұлын атаған", - деп жазылған еді бұған дейін басылым мәліметінде.

Полиция не дейді?

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің редакцияға берген жауабына сүйенсек, бұл дерек бойынша тез арада тексеріс жүргізілген.

"Ер адам Ақтөбе облысы Хромтау ауданында Самара-Шымкент тасжолының бойында орналасқан "Шерхан" кемпингі аумағынан табылып, полиция бөліміне жеткізілгені анықталды. Оның белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адам екені анықталған, құжаттары да жоқ. Қазір оның кім екенін анықтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Тексеріс нәтижесінде құлдықта ұсталғаны туралы ақпарат расталмады. Осы адамға қатысты құқыққа қайшы іс-әрекет белгілері анықталған жоқ", - деді өңір полициясы.

ІІМ азаматтарды жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!