Атырау-Орал тасжолында бір сағат бұрын жолда ескерту алған жүргізуші жол апатына түсіп, төрт адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау облысы ПД мәліметіне сілтеме жасап.
26 қазанда Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Атырау-Орал тасжолында 4:00 шамасында Ресей елінде тіркелген Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатып, жол жүру ережесінің талаптарын бұзғаны үшін жүргізушісіне хаттама толтырған және түнгі уақытта сақтық шараларына мұқият болу керектігін ескерткен.
"Алайда ескертулерге қарамастан, таңғы сағат 06:00 шамасында Атырау-Орал тасжолында Daewoo Nexia автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, көлік толықтай отқа оранды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!