Атырау облысында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып, кейін өлі табылды: қылмысқа не себеп болды?

Атырау облысында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып, кейін өлі табылды: қылмысқа не себеп болды?
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалған отбасының өліміне не себеп болғанын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін ведомство жантүршігерлік қылмыстың егжей-тегжейін ашты. Бұған дейін күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кіші қызы да анықталған.

ІІМ мәліметінше, ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындаған. Оның көрсетуімен жедел тергеу тобы қосымша тергеу жүргізген. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың сүйегі табылған.

"Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр, бұл іс министрліктің бақылауында", - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Күдікті туралы

Сонымен қатар, Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. 

Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Сондай-ақ, марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget