Атырау облысында бір ауыл 5 жылдан бері ішімдіктен бас тартқан

Атырау облысында бір ауыл 5 жылдан бері ішімдіктен бас тартқан
Фото: depositphotos.com

Атырау облысының Индер ауданында орналасқан Құрылыс ауылы соңғы бес жыл ішінде алкогольді ішімдіктерден мүлдем бас тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауылдағы дүкендерде алкогольді өнімдер сатылмайды. Тұрғындардың келісімімен қолға алынған бұл бастама мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтарды азайтқан. Соңғы бір жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. 

Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы мен қоғамдық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуі Құрылыс ауылының өркендеуіне оң ықпал етіп отыр.

"Ауылда 113 үй бар, халық саны - 700 адам. Мұнда алкогольді өнімдерді тұтынатын жастар да, үлкендер де жоқ. Сондықтан құқықбұзушылықтар тіркелмейді. Тіпті отбасылық жанжалдар да болмайды. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады, жайылымдар қауіпсіз әрі бейбіт жағдайда", - дейді инспектор.

Ауылдағы азық-түлік дүкендерінің иелері де тұрғындар денсаулыққа зиян өнімдерден бас тартқанын айтады.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да бір ауыл ішімдіктен бас тартқаны хабарланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова